Өңірде аз қамтылған 671 адамнан тұратын 313 отбасына 12 миллион 500 мың теңге көлемінде тұрғын үй көмегі тағайындалып, берілді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес, аз қамтылған отбасыларына коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында тұрғын үй көмегі беріледі.
Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін жергілікті өкілді органдар айқындайды. Тұрғын үй көмегін тағайындау кезінде өткен тоқсанның табысы мен өткен тоқсанға төленген шығыстар қаралады.- Тұрғын үй көмегі коммуналдық көрсетілетін қызметтерді және тұрғынжайларды пайдаланғаны үшін төленген шығыстар сомасы мен отбасының осы мақсаттарға жұмсайтын шығыстарының жергілікті өкілді органдар белгілеген шекті жол берілетін үлесі арасындағы айырма ретінде айқындалады. Атырау облысы бойынша тұрғын үй көмегін тағайындау үшін жол берілетін шектің үлесі 5% құрайды. Тұрғын үй көмегін тағайындау кезінде отбасының жиынтық табысы ретінде Қазақстан Республикасында және одан тыс жерлерде есепті кезеңде алынған табыстың барлық түрлері ескеріледі. Осы жылдың 1-қарашасына облыстағы аз қамтылған 671 адамнан тұратын 313 отбасына 12,5 млн теңге көлемінде тұрғын үй көмегі тағайындалып, төленді,- деді облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов.
Оның айтуынша, зейнеткерлер, жұмыссыздар, мүгедектер, көп балалы отбасылар, жалғыз басты аналар, аз қамтылған азаматтар, балалар мен қарт адамдарға күтім жасап отырғандар тұрғын үй көмегін алушылардың санатына жатады. Айта кетейік, тұрғын үй көмегін алу үшін «Электрондық үкімет» порталы арқылы өтініш жолдауға немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» арқылы тиісті құжаттармен бірге өтініш беруге болады.
Свежие комментарии