Жеңіл салмақта UFC чемпионы Хабиб Нурмагомедов Атырау қаласында жанкүйерлерімен кездесу ұйымдастырды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. Дағыстандық спортшыны Атырау жұрты жылы қарсы алды. Балалар үйінен келген Хабибтің кішкентай жанкүйерлері кештің құрметті қонағы болып, алдыңғы қатардан орын алды.
-Бес, он, он бес жыл бұрынғы қателіктерің мен сәтсіздіктерің сенің болашақтағы жетістікке жетуің үшін көмектеседі. Біз тек уақытында сабақ алып, дұрыс шешім қабылдап білу керекпіз. Дүниеге келе сала ешкім чемпион болмайды, барлығы еңбекпен, тәжірбиемен, белгілі бір кезеңдерден өту арқылы келеді. Кез-келген салада солай. Туа сала жетістікке жету, чемпион болу мүмкін емес. Осыны артымнан ерген жастарға айтқым келеді,- деді Х. Нурмагомедов.
Чемпион іс-шара барысында облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімлер үйінің 20 тәрбиеленушісін арнайы саханаға шақырып, ойыншықтар мен өзінің авторлық кітабын табыстап, естелік суретке түсті. Сондай -ақ кездесу барысында Хабибтің әкесі Абдулманап Нурмагомедовтің атына өтетін «Eagle FC 51» ережесіз жекпе-жегінің спортшыларымен баспасөз конференциясы ұйымдастырылды. Содан соң жекпе-жекке қатысатын спортшыларды бетпе-бет жүздесуге шақырып, таныстыру сәті өтті. Айта кетейік, 10-желтоқсан сағат 17:00-де Абдулманап Нурмагомедов атындағы «Eagle FC 51» ережесіз жекпе-жегі өтеді. Жекпе-жекке Атырау өңірінен 4 спортшы қатысады.
Свежие комментарии