2025 жылға дейін облыста туризм саласында 338 жаңа жұмыс орны құрылады. Нәтижесінде 10,8 млрд. теңгеге 9 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Бұл туралы облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасының бөлім басшысы Жаннат Сабырғалиева мәлім етті,- деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жоба аясында «Сарайшық» визит орталығы бюджет есебінен салынса, 8 жоба жеке инвестиция есебінен салынады деп жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 4 жоба іске асырылған. Олар «Нұрлы тал» этно-паркі, Құрманғазы ауданындағы екі туристік-демалыс базасы және Мақат ауданындағы кемпинг. Сондай-ақ кәсіпкерлікті дамыту бағытында туризм саласында 340 жұмыс орындарын құрылады. Қазір оның 282-сі құрылған.- 2023 жылы облыстың қолөнершілерін және дизайнерлерін қолдау және дамыту мақсатында халықаралық іс-шаралар ұйымдастырылады. Өңірдің туризмін танымал ету мақсатында туроператорларға, БАҚ-қа, жастарға арналған ақпараттық тур ұйымдастырылады және балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту бойынша, Құрманғазы ауданындағы Лотос алқабының танымалдығын арттыру мақсатында видеоролик әзірлеу және Индер көлінің құқықтық мәртебесін айқындау бойынша сараптама-зерттеу жұмыстары жүргізіледі,-деді Ж.Сабырғалиева.
Оның айтуынша, 2022 жылы ішкі және кіру туризмі бойынша келушілердің саны – 108 158 адамды құрап, алдыңғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3 есеге өсіп отыр. Сондай-ақ 2022 жылы туризм саласын цифрландыру мақсатында 6 туристік нысанға QR кодтар орнатылған. Осы арқылы туристер 5 тілде ақпарат алуға және 3D тур жасау мүмкіндіктеріне ие болып отыр. Айта кетейік, балалар-жасөспірімдер туризмін дамыту мақсатында жыл сайын көп балалы, аз қамтылған отбасылардың балаларына «Өз еліңді танып біл» жобасы аясында Астана, Алматы, Ақтау қалаларына экскурсиялар ұйымдастырылып отыр.
Свежие комментарии