Атыраулық спортшылар биыл ел чемпионаттарында 800 медаль еншіледі. Оның ішінде 56 спортшы әлем чемпионатында, 94 спортшы Азия чемпионатында және 400 спортшы халықаралық турнирлерде жеңімпаз бен жүлдегер атанды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. Биыл облыста тұңғыш рет ұлттық спорт аударыспақтан Қазақстан чемпионатының жүлдегері, керлинг пен голболдан ел Кубогінің жүлдегерлері дайындалып шықты.
Қазақ қыздары арасында тұңғыш рет дзюдошы қыз Абиба Абужақынова әлем чемпинатының жүлдегері және Халықаралық «Гранд Слам» турнирлерінің жүлдегері атанып, Олимпиада ойындарына қатысуға үміткер ретінде жоғары ұпайлар жинады.- Жыл қортындысы бойынша осы жылы 4 «Қазақстан Республикасының Халықаралық дәрежедегі спорт шебері», 57 «Қазақстан Республикасының спорт шебері» және 256 «Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер дайындалды». Сонымен қатар екі жаттықтырушы «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы» атақтарына ие болды. Одан әрі де Президент Жолдауына сәйкес халықты спортпен шұғылдануға тарту, балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің санын көбейту, олимпиада шыңын бағындырар чемпиондарды шығару мақсатындағы жүйелі жұмыстар жалғасын табады,- деді облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржауған Төлеуова.
Командалық спорт түрлері бойынша ел чемпионаттарында Атыраудың волейбол командасы мен өрт-сөндіру құтқару командасы алтын жүлде, баскетбол командасы күміс жүлде, футзал, хоккей, су добы және көкпар командалары қола жүлделерге ие болды. Ел кубогында баскетбол командасы күміс жүлде иегері атанса, волейбол командасы ел кубогі мен суперкубогінің жеңімпазы атанып, келер жылы өтетін клубтар арасындағы Азия чемпионатына жолдама алды.
Свежие комментарии