Cайт города Атырау

15 подписчиков

Атырауда облыстық мәслихатының кезектен тыс ХVІІІ сессиясы өтті

Атырауда облыстық мәслихатының кезектен тыс ХVІІІ сессиясы өтті

24 қараша, облыстық мәслихат хатшысы Әлібек Нәутиевтің төрағалығымен және облыс әкімі Серік Шәпкеновтің қатысуымен Атырау облыстық мәслихатының кезектен тыс ХVІІІ сессиясы өтті. Сессияның күн тәртібінде бірнеше тақырып талқыланды, деп хабарлайды Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.  Күн тәртібінде:

- Атырау облыстық мәслихатының 2012 жылғы 28 наурыздағы №28-V «Атырау облысы әкімдігінің дербес құрамы туралы» шешіміне өзгеріс енгізу; - Пандемияның облыстағы кәсіпкерлік саласына әсері мен саланы қалпына келтіру шаралары;  - Атырау облыстық мәслихатының мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалар бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау туралы шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу;  - Облыстық мәслихат депутаты Нұржан Ермұхановтың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату;  - Облыстық мәслихатының 2022 жылғы 29 наурыздағы №140 «Атырау облысының Қоғамдық кеңесінің құрамын бекіту туралы» шешіміне өзгеріс енгізу; - Облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының құрамына өзгеріс енгізу мәселесі қаралды.

Жиын барысында облыстық Қоғамдық кеңес пен мәслихаттың тұрақты комиссиясының құрамына өзгеріс енгізілді. 

- Облыстық Қоғамдық кеңестің құрамына негізінен қоғам өкілдерін тарту қажет деп есептеймін.

Оның қатары тек қана мемлекеттік қызметшілерден құралса, керісінше қоғамның пікірі естілмейді.  Қоғамдық кеңес не үшін қажет? Бұл мемлекеттік органдар мен халықтың арасындағы алтын көпір іспеттес. Елдің арасындағы түйткілді мәселелерді ортаға салып, шешу жолдарын талқылайтын орын.  Қоғамның пікірі мен ұсынысын біліп, соған байланысты өзіміздің жұмысымызды үйлестіруіміз керек. Болашақта осы мәселені ескере отырып, қосымша қоғам өкілдерін тартуымыз тиіс. Ал оған халық үнін билікке жеткізе алатын азаматтарды сайлауымыз қажет,-деді С.Шәпкенов.

Сессия барысында облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Жаңабеков пандемияның облыстағы кәсіпкерлік саласына әсері мен саланы қалпына келтіру шаралары туралы баяндама жасады. Оның мәліметінше, карантин кезінде 35 000-ға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің қызметтері уақытша шектелген. 

- 2021 жылы Атырау облысы бойынша бизнестің 2020 жылғы карантиндік кезеңнен кейінгі белсенділігі байқалды. Яғни мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қатысушы саны 3,5 есеге артып, 2 000-ға жуық жаңа жұмыс орындары құрылды. Бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 3 есеге артты. Қазіргі таңда аталған бағытта «Кәсіпкерлікті дамыту» Ұлттық жобасы шеңберінде 2022 жылы бюджеттен 8,0 млрд. теңге бөлініп, бүгінгі күні несие сомасы 30,5 млрд. теңге құрайтын 1249 кәсіпкердің жобасы қолдау тауып, 975 жұмыс орны ашылады деп күтілуде,-деді Н.Жаңабеков.

 Ал, аталған мәселе бойынша Атырау облыстық кәсіпкерлік палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаев баяндама жасады. Оның айтуынша, төтенше жағдай кезінде облыстағы кәсіпкерлерден 1200-ден астам өтініш келіп түскен. Зардап шеккен кәсіпкерлердің мәселесін анықтау мақсатында сауалнама жүргізіліп, оған 1932 кәсіпкерден қатысқан.

- Карантиндік шектеулерге байланысты жүргізілген сауалнамада респонденттердің 56% - жұмыс уақытының шектелуі, 7,6% - нысандардың толық жабылуы, 7% - демалыс күндері жұмыстың шектелуі кәсіптің алға жылжуына кедергі келтіреді деп көрсеткен. Ал, кәсіпкерлердің 46% - кірістің төмендеуі, 42,3% - қызметкерлерге жалақы төлеуге және бизнесті ұстап тұруға қаражаттың жетіспеушілігі, 19,7% - жалақы төлемдерін төлеудегі проблемалар бизнестің дамуына кедергі болғанын айтқан,-деді Н.Сүйінбаев.

Сессия қорытындысымен Атырау облыстық мәслихатының депутаты Нұржан Ермұханов мемлекеттік қызметке тағайындалуына байланысты депутаттық өкілеттілігі мерзімінен бұрын тоқтатылды.

 

Ссылка на первоисточник

Картина дня

наверх